Келесі аптадан бастап 9 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынады

1074

Павлодарлық дәрігерлер алғашқылардың бірі болып екпе алады.

Келесі аптадан бастап 9 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынады Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында коронавирустық инфекцияның беті қайтпай тұр. Өңірдің "қызыл аймақтан" шығар түрі жоқ. Облыстағы 12 аудан-қала да аурудың таралу көрсеткіші бойынша "қызыл аймаққа" енді. Баянауыл ауданы ғана әзірше "сары аймақта" қалып отыр.

Ад өңірде қауіпті індетке шалдыққандар қатары күн санап көбейіп келеді. Соңғы тәулікте 296 адамның вирусты жұқтырғаны анықталды. Жергілікті билік сырқаттың алдын алуда вакцина салудың рөлі зор боларына сенімді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуына қарағанда, 1 ақпаннан бастап ресейлік "Спутник V" вакцинасының 80 мың дозасы кезең-кезеңмен жетеді. Екпелер Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханадағы қоймада сақталады. Сонымен қатар, вакцинаны сақтау үшін үш мұздатқыш камера сатып алу жоспарланып отыр.

"Екпе 31 емханадағы 90 егу кабинетінде ерікті түрде салынады. Тиісті алгоритм бойынша жұмыс істеу үшін 1125 медициналық қызметкер оқудан өтті", - дейді Айдар Сейітқазинов.

Келесі аптада ресейлік вакцинаның алғашқы партиясы жеткен соң алдымен инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем қызметі, карантиндік стационарлар, жансақтау мен қабылдау бөлімдерінде еңбек ететін медициналық қызметкерлер екпе алады. Барлығы 9 мың адамға вакцина салу жоспарланып отыр. Екінші кезеңде мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, үшінші кезеңде күштік құрылымдар өкілдеріне қауіпті індетке қарсы вакцина салынады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу