Келесі жылдан бастап банкомат арқылы ақша салу қиындай түседі

815

Банкоматтардағы бейнебақылау жазбалары 180 күн сақталады. 

Келесі жылдан бастап банкомат арқылы ақша салу қиындай түседі Фото: Вечерний Алматы

Қазақстанда анонимді транзакцияларға тосқауыл болатын шаралар әзірленді. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Агенттік өкілінің сөзінше, қолма-қол ақшаға айналдыру схемаларында банкоматтарды пайдалану өзекті мәселелердің бірі болып отыр.  

"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мұндай операциялардың көлемі артуда. Негізгі мәселе ақшаны жіберуші мен алушыны сәйкестендірмей, анонимді түрде операция жүргізуге мүмкіндік болуында. Мұндай операциялар көбіне басқа адамдардың атына тіркелген карталар арқылы жасалады", – деді Қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.

Тәуекелдерді азайту үшін Агенттік пен қаржы реттеушісі бірлесіп нақты шешімдер жиынтығын әзірледі:

  • Біріншіден, картаға 500 мың теңгеден артық сома салынған кезде жіберушінің ЖСН-ын көрсету міндеттеледі (бұған дейін тек алушының ЖСН-ы талап етілетін). Қосымша ретінде операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі қарастырылып жатыр;
  • Екіншіден, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер банкоматтардағы бейнебақылау жазбаларын кемінде 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл күмәнді операцияларға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік береді;
  • Үшіншіден, биометриялық сәйкестендіруді енгізу мәселесі қарастырылуда. Мәселен, бет әлпетін немесе саусақ іздерін тану.  

ҚМА бұл шаралар анонимді транзакцияларға тосқауыл қоюға ықпал етеді деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу