Келесі жылдан бастап жұмыскерлерге арнаулы әлеуметтік көмек енгізіледі

338

Бұл төлемдерге кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған 55 жасқа толған жұмыскерлер құқылы. 

Келесі жылдан бастап жұмыскерлерге арнаулы әлеуметтік көмек енгізіледі Фото: inbusiness.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының негізгі тәсілдері туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Светлана Жақыпова қауіпсіз еңбек шығындарын талдау олардың еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктер (жеңілдіктер мен өтемақылар) берумен көбірек байланысты екенін көрсетті. Осы мақсатқа 2022 жылы жұмыс берушілер 227 млрд теңгеден астам қаржат бөлді. Соңғы 3 жылда бұл шығындар 47 %-ға өсті.

Жұмысшылардың қолданыстағы кепілдіктері нақты еңбек жағдайларын ескермейді және жұмыс берушілерді оларды жақсартуға ынталандырмайды. Бұдан басқа, жұмыс берушілердің жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға қызығушылығы төмен. Бүгінгі күнде жұмыскерлердің тек 54 %-ы сақтандырылған. Премьер-Министр бұл көрсеткіш 32% деңгейінде екенін айтқан болатын. 

Светлана Жақыпова сондай-ақ еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілетінін хабарлады.

"Бұл төлемдерге кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған 55 жасқа толған жұмыскерлер құқылы. Төлемді алудың негізгі шарты еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыспау керек. Мұндай жағдайда жұмыскерлер үшін жұмысқа орналастыру шаралары ұсынылатын болады.  

Арнаулы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы; зейнетақыға дейінгі аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі; жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіптік төлем; БЖЗҚ-дағы жинақтарды ескере отырып, зейнетақы төлемі. Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу