Бұл туралы Үкімет отырысына Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
"Келесі жылға арналған бюджет шығыстары 1,5 трлн теңгеге ұлғайды. Осылайша оның көлемі 24 трлн теңгені құрайды. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни жалпы шығыстардың 41% құрайды.
Оған арналған қаражаттар 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 9,9 трлн теңге болады", – деген Ерұлан Жамаубаев шығыстардың өсуінің негізгі факторларына тоқталды.
Олар келесідей:
- әлеуметтік төлемдерді: зейнетақы, жәрдемақы, стипендияларды индекстеу;
- әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде қалдыру;
- бала күтімі бойынша кезеңді 1,5 жасқа дейін ұлғайту;
- гранттар саны мен стипендия мөлшерін ұлғайту;
- азаматтық қызметшілерге, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту;
- халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.
Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, 2024 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,8 трлн теңге көзделген.
Бұл бағыттың басымдықтары:
- өңдеу өнеркәсібін дамыту;
- өңірлерде жалғасып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру;
- кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау;
- көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру;
- "Ауыл аманаты" жобасын және Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңінен қолдану үшін ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға халыққа микрокредит беру.
Күш құрылымдарының шығыстары 2,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның ішінде ең бастылары:
- Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру;
- мемлекеттік қорғаныс тапсырысы;
- азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілердің кейбір санаттары мен жоғары оқу орындары оқытушыларының еңбекақысын арттыру;
- ішкі істер органдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыру болып табылады.
"Жалпы алғанда, мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты сақтау жөніндегі іс-шаралар толық көлемде іске асырылатын болады. 2024 жылы бюджеттің жалпы мемлекеттік шығыстары 7,8 трлн теңгені құрайды", – деп түсіндірді Жамаубаев.