Келесі жылы Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 66 млрд теңге қарастырылған

134

Бұл биылғы көрсеткіштен 30%-ға көп. 

  Келесі жылы Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 66 млрд теңге қарастырылған Фото: Алматы әкімдігі

2026 жылы Алматыда жергілікті бюджеттен шағын және орта бизнесті қолдауға 66 млрд теңге қарастырылған. Бұл биылғы көрсеткіштен 30%-ға артық. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
 
Белгілі болғандай, әкімнің бастамасымен және мәслихат депутаттарының қолдауымен арнаулы салық режимі бойынша мөлшерлеме 4%-дан 3%-ға дейін төмендетілді. 

Өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында 2027 жылдың соңына дейін жалпы ауданы 226 мың шаршы метрден асатын 39 шағын өнеркәсіп паркін іске қосу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 4,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Негізгі мақсат – 2030 жылға қарай ШОБ-тың қала экономикасындағы үлесін қазіргі 60%-дан 65%-ға дейін арттыру.

"Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық бере отырып, жаңа инвестициялық кезеңді іске қосуды тапсырды. Бүгінде инвесторлардың Индустриялық аймақ пен "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағында орналасуға деген сұраныс қазіргі ұсыныстан асып отыр. Осыған байланысты Индустриялық аймақтың аумағын 634 гектарға кеңейту, "ИТП" АЭА аумағын ұлғайту және жеңілдіктер мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту жоспарланған. 2026-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 165 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл қала экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін береді. 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 40%-ға өсіп, 7 млрд АҚШ долларына жетеді", – деді Дархан Сатыбалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу