Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев теміржол паркін жаңарту мақсатында жаңа жобаларды іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Теміржол машина жасау кәсіпорындары 423 млрд теңге сомасына өнім өндірді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жыл қорытындысы бойынша жүк вагондарының өндірісін төрт есеге, яғни 2000 бірлікке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 122 бірлік жолаушы вагондарын және 130 бірлік локомотив өндіру жоспарланған. Локомотив және вагондар өндірісі әлемдік Вабтек және Альстом компанияларының технологиясымен жолға қойылғанын айтып өткен жөн", – деді министр.
Қанат Шарлапаев теміржол машина жасау саласының өсу әлеуеті зор екенін жеткізді.
Ведомство басшысының дерегінше, елдегі теміржол паркі шамамен 139 мың бірлікті құрайды.
"Оның орташа тозу деңгейі – 55%. Осыған орай теміржол паркін жаңарту және импортты алмастыру мақсатында жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жылына 6 мың жүк вагондары мен цистерналар шығаратын "ТексолТранс" зауыты 2025 жылдың бірінші тоқсанында толыққанды өндірісін бастайды. 2025 жылы Астана қаласында "Штадлер" жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады. "Семей машина жасау зауыты" жылына 600 бірлік жартылай вагон өндірісін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіп, "Railcast Systems" бандаж өндіру жобасы іске асырылуда. Жыл соңында Қостанай облысында пружиналар шығаратын зауыт іске қосылады деп күтілуде. 2025 жылы "Востокмашзавод" орта және ірі вагон қаңқасын құюды жоспарлап отыр", – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.