Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бізде келесі жылы дәрі-дәрмек қымбаттайды деген ақпарат жоқ. Біз дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасына байланысты мониторинг жүргіземіз. Қазан айының қорытындысы бойынша орташа есеппен халық жиі қолданатын елу шақты дәріге жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, орташа алғанда 10-11 пайызға төмендегенін байқадық. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасады деп үміттенеміз", – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Республикада Naqty Onim деген мобильді қосымша қолданысқа берілген.
"Сол қосымшаның көмегімен дәріханада сатып алған алған кез келген дәріні арнайы QR-кодпен сол дәріні тексеруге болады. Ең бірінші бұл дәрі-дәрмектің контрафакті еместігі, заңды жолмен келгені көрсетіледі. Екіншіден, сол қосымшада дәрінің шекті бағасын көрсетеміз. Егер де дәріханада дәрі-дәрмек бағасы шекті мәннен жоғары болса, сол қосымшада тікелей өтініш беруге болады. Біздің департаменттер тиісті шараларды қабылдайды", – деп жауап берді Бауыржан Жүсіпов тілшілердің сауалына.
Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, дәрі-дәрмектің бағасын белгілеу мәселесі ведомствоның құзырына жатпайды.
"Біз ТМККК мен МӘМС-тің аясында сатып алынатын дәрілердің бағасын төмендетіп жатырмыз. Жазда шыққан біздің бұйрықтарымыз бойынша көптеген дәрілердің бағасы 40 пайыздың шамасында төмендеген болатын. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүдделіміз. Екіншіден, жеке дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектің бағасына келсек, ДСМ 4,9 мыңнан астам дәрінің бағасын реттеп отыр. Бұл негізінен нарықтың ісі. Жалпы дәрігер ретінде айтарым, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Дәрілерді аз ішіп, өзіміз кішкене денсаулығымызға қарап, дұрыс тамақтанып, уақытында денемізді шынықтырып жүргеніміз дұрыс қой", – деді Тимур Мұратов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.