Келесі жылы "Елорда құрылыс" компаниясы жұмысын тоқтатады

242

Компания 2025 жылы салынған үйлердің сапасы бойынша қосымша жұмыстарды ғана атқарады.

Келесі жылы "Елорда құрылыс" компаниясы жұмысын тоқтатады Фото: primeminister.kz

Астана қаласының әкімі Женіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Елорда құрылыс" компаниясы келесі жылы таратылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жалпы Үкімет үлескерлердің мәселесіне бей-жай қарамай, өзінің үлесін қосып отыр. Оған бюджеттен көптеген қаражат жұмсалды. Ол қайтарылмайтын қаражат. Құрылыс компаниялары жоқ, олардың қожайындарының көбісі қазір соттың шешімімен отыр. Үлескерлердің қосымша қаражатты төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мен алдын ала айтып отырмын. Келесі жылдан бастап "Елорда құрылыс" компаниясы таратылады. Тек қана келесі жылы салынған үйлердің сапасы бойынша қосымша жұмыстарды атқаратын болады", – деді шаһар басшысы тілшілердің сауалына берген жауабында.

Осымен әрі қарай жаңа тұрғын үй кешендері осы бағдарламаға кіргізілмейді, деп түсіндірді әкім.

"Біз осымен осы мәселелердің бітпейтінін түсініп отырмыз. Бәрібір біреу алданады. Бұл – өмір. Құрылыс компаниялары да нарықтағы жағдайға шыдай алмай біреуі тарап кетеді, ол сегментте алаяқтар да бар. Олармен жеке жұмыс істейтін боламыз. Бірақ бюджеттен әрі қарай қаражатты көздеп отырған жоқ. Басқа тетіктерді іздейтін боламыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу