Келесі жылы ипотекасы барларды сәл де болса жұбататын жаңалық жарияланады

Мұндай сүйінші мәліметті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып отыр. 

Келесі жылы ипотекасы барларды сәл де болса жұбататын жаңалық жарияланады Фото: Pixabay.com

Оның сөзінше, 2026 жылдың шілдесінен бастап ипотекалық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға дейін төмендетілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Үкімет отырысында бірқатар өзгеріске тоқталып өтті. 

– Тұтынушылық кредиттеу қарқынын және азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін, агенттік заңнамалық және реттеушілік шаралар қабылдады. Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасы шектелді. Биыл тамыз айынан бастап реттеушілік деңгейде 5 жылдан аса мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салынды. Бұл шара кірісі төмен қарыз алушылар кредит беру мерзімін ұлғайтқан кезде борыш жүктемесінің коэффициентін айналып өтуге жол бермеуге бағытталған. Сондай-ақ үш жылдан бес жылға дейінгі қарыздар бойынша капиталға тәуекел-саралау 350 пайызға дейін ұлғайтылды, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы былтырдан бері жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі шекті мәндері төмендетілгенін айта кетті. Яғни, кепілсіз қарыздар бойынша 56-дан 46 пайызға дейін, кепілді қарыздар бойынша 40-тан 35 пайызға дейін азайған. 

– Ипотекалық кредиттер бойынша 2026 жылғы шілдеден бастап 25-тен 20 пайызға дейін төмендейді. Бұдан басқа, реттеушілік деңгейде борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылды. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу барлық қарызға және барлық қарыз алушыға қолданылды. Бұдан басқа, қарыз алушының төлемге қабілеттілігін бағалауға қойылатын талаптар күшейтілді, тәуекелі жоғары қарыз алушылардың өлшемшарттары енгізілді, сонымен қатар банктер үшін дефолттың шекті мәндері белгіленді, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу