Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу көлемі 2026 жылы ұлғаяды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Rosneft Deutschland GmbH бас директоры Йоханес Бремермен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдау мәселелері талқыланды. Тараптар өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
"Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу жөніндегі қолданыстағы келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды (Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. ресурсынан). Келісімде мұнай жеткізу көлемін айына 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген", – делінген хабарламада.
2024 жылы "ҚазМұнайГаз" Қашаған Б.В. ресурсынан, ал 2025 жылы "Теңізшевройл" ЖШС ресурсынан да мұнай жөнелтіле бастаған.
2025 жылдың тоғыз айында Шведт мұнай өңдеу зауытына экспортталған Қазақстан мұнайының көлемі шамамен 1,5 млн тонна болды.