Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсарту – басты міндет. Осыған орай облыс құрылғаннан бері жөндеу мен жаңа құрылыс жүргізудің арқасында объектілерді жаңарту 50%-ға жетті. Білім беру саласында 2022-2024 жылдары жаңа 15 мектеп пайдалануға беріліп, 19 нысан күрделі жөндеуден өтті. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2023 жылы басталған 1800 орынды 2 мектептің біреуі биыл қолданысқа беріліп, екіншісі келесі жылға өтті", - деді аймақ басшысы.
Бейбіт Исабаев келесі жылы 7 мектепті салу жоспарланғанын айтты. Осылайша жөндеуге жататын 95 мектептің 38-і немесе 40%-ы жаңартылады.