Үкіметтің есебі бойынша, жүк көліктерінің Ла-Манш бұғазын кесіп өтуі екі жарым күнге дейін ұзарып, ал бұл жағдай үш айға дейін жалғаспақ. Келісімсіз "Брексит" кесірінен елдегі кейбір өнімдер азайып, оның арты наразылық шараларына ұласып кетуі мүмкін.
Бірінші күні канал арқылы өтетін көлік қозғалысы 60 пайызға қысқармақ. Биліктің айтуынша, жүк көліктерінің 85 пайызы жаңа кедендік режимге дайын болмауы мүмкін. Ал шекарадағы кезектер жанармай, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің жеткізілуін тежеуі ықтимал.
Құжатта компаниялардың сауданы тоқтатып, қара нарықтың күшейіп, әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының зардап шегетіні жазылған. Сонымен қатар ереуілдер көбейіп, елде тәртіпсіздіктердің белең алуы мүмкін делінген. Аналитиктердің пікірінше, келешекте бұл факторлар ел экономикасының өсімін тежемек.
Англия банкінің есебіне сүйенсек, келісімсіз "Брексит" салдарынан Ұлыбританияның ЖІӨ 5,5%-ға қысқарып, жұмыссыздық 7%-ға дейін, ал инфляция 5,5%-ға дейін өсуі мүмкін.
Табиғат Нұрболат