Кеме командирлері білімін онлайн-тест арқылы дәлелдейтін болады, деп жазады inbusiness.kz.
Осыған дейін бұл дипломды алу үшін үміткерлер "Азаматтарға арналған үкіметтің" жеке бөлімшесіне өтініш жіберіп, өз білімін дәстүрлі форматтағы емтихан арқылы дәлелдеп жүрді. Енді аталған мемлекеттік қызмет түрі автоматтандырылды.
"Мәселен, кеме экипаждарына арналған емтихан енді тестілеу түрінде өткізіліп, оған өтініш eGov порталы арқылы жолданады. Тестілеуді тапсыру кезіндегі сұрақтар 20-дан аспайды. Сонымен қатар тестілеудің уақыты қысқартылып, 40 минуттан тұрады. Емтихан ХҚКО ғимаратында өткізіледі. Тестілеуден сүрінбей өту үшін сұрақтардың жауабы 80%-ға дұрыс болуға тиіс", - деп хабарлады министрлік.
Бұдан бөлек кәсіби диплом 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей табысталмақ. Оның көшірме нұсқасы 2 жұмыс күні ішінде берілетін болады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.