Кеме жүзу маусымы ресми түрде ашылды

861

Кеме жүзу маусымы ресми түрде ашылды

Павлодар өзен портының мамандары Солтүстік өңірге тән алты ай бойғы қыстан соң кемелерін сайлап, сапарға шыға бастады, деп хабарлайды 24.kz.

Ертіс өзенінің тамырына қан жүгірді. Бүгін биылғы кеме жүзу маусымы ресми түрде ашылды. Қазіргі уақытта қиыршық тас, құрылыс материалдары, сонымен қатар техникалық тұз тиелген алып баржалар Ресей еліне жол тартты. Ал көрші мемлекеттен Қазақстанға өзен бойымен көбінесе ағаш тасымалданады.

Былтырғы науқан табысты аяқталды. Өзенде көрші елде жоғары сұранысқа ие құрылыс құмының 900 тоннасы қазылды. Сонымен қатар Ресейге 160 мың тоннадан астам минералды ресурс тасымалданды.

Былтыр Ханты-Мансийск өңіріне 10 жыл бойы тұралап қалған су қатынасы жанданып, техникалық тұз тасымалданды. Биылғы маусымның жаңалығы – Түмен облысына өзен жолының ашылуы. Бұл аймақтың қиыршық тасқа деген жылдық сұранысы – 20 млн тонна. Яғни экономикалық жағынан тартымды. Оған қоса өзен арқылы жүк тасымалдау өзге жолдарға қарағанда 50%-ға арзан.

"Түмен облысына биыл 160 мың текше қиыршық тасты тасымалдау ойымызда бар. Ол жақтан сосын қайтап келе жатқан кезде біз 40 мың текше ағашты әкелеміз. Бұл –15 жылда болмаған дүние", - дейді Павлодар өзен порты төрағасының орынбасары Төлеген Күлжанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу