Кэмеронның Астанаға сапары: Қазақ-британ қарым-қатынасының жаңа кезеңі

274

Ұлыбритания Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кэмеронның Астанаға сапары: Қазақ-британ қарым-қатынасының жаңа кезеңі Фото: Ақорда

2024 жылы 24 сәуір күні Британ саясаткері Дэвид Кэмерон 11 жылға созылған үзілістен кейін алғаш рет Астанаға Ұлыбританияның сыртқы істер министрі ретінде келді. Ресми сапармен Астанаға  келген Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронді  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу күтіп алып, келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастарының барлық ауқымын жандандыру шараларын талқылады.

М.Нұртілеу соңғы жылдары әртүрлі салалардағы әріптестіктің үдемелі тереңдеуіне ықпал еткен ведомствоаралық және парламентаралық байланыстардың жоғары серпінін құптады және екі елдің сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі диалогты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

Сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылды арттыру мақсатында ҚР СІМ басшысы ынтымақтастықтың институционалдық тетіктерінің, соның ішінде Стратегиялық диалог пен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Д.Кэмерон Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі – Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты және Лондонның Астанамен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін растады.

Сыртқы істер министрлігіндегі келіссөздердің маңызды нәтижесі – сыртқы саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестицияны ілгерілету, зияткерлік меншікті қорғау, энергетикалық және шикізаттық әріптестік, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, банктік және қаржылық қызметтер, жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясат, ғылым және білім сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қою болды.

Осы орайда М.Нұртілеу атап өткендей, "бұл жан-жақты келісім Астана мен Лондон арасындағы саяси, сауда және инвестициялық қарым-қатынастарды жаңа көкжиектерге шығаруға елеулі көмек болмақ... Біз орнықты және өзара тиімді қазақ-британ стратегиялық әріптестігі жоғарыда көрсетілген салаларда – энергетика мен сирек металдардан бастап экология мен білім саласына дейін одан әрі нығаяды деп сенеміз".

Сапар барысында сондай-ақ денсаулық сақтау және көлік саласында бірқатар екіжақты құжаттар, сондай-ақ Алматыда британдық "Queen’s University Belfast" университетінің филиалын ашу және Оксфордта қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске асыру туралы меморандумдар қабылданды.

Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,2 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 703 млн, импорт – 478,7 млн).

Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 600-ге жуық компания, бірлескен кәсіпорын мен өкілдік жұмыс атқаруда.

Ұлыбритания Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. 2023 жылы Ұлыбританиядан Қазақстан экономикасына 795 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, жалпы 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 17 млрд доллардан астам болды.

Сонымен қатар сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында да болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін  беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты.

"Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін", - деді Президент.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, "жасыл" экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.

Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды.

"Мен мұнда 11 жыл бұрын екі ел арасындағы стратегиялық диалогты бастау үшін келген едім. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз", - деді Ұлыбритания Сыртқы істер министрі.

Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, әсіресе, білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дэвид Кэмерон өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу