Кендірлі курортын салуға 1 млрд доллар инвестиция тарту көзделген

893

Кендірлі курортын салуға 1 млрд доллар инвестиция тарту көзделген

Неміс кәсіпкері Маңғыстау облысында курорт құрылысына инвестиция құймақшы.  Қазақстан тарапы қазір келіссөз жүргізуде, деп жазады tumba.kz.

"Қазір неміс инвесторымен келіссөз жүргізіліп жатыр.  Мәміле сомасы 1 млрд доллардай болады. Бірақ қаржы біртіндеп игеріледі. Инвестордың өз елінде дәл осындай жобаны жүзеге асыру тәжірибесі бар. Егер келіссөз сәтті аяқталса, онда жоба іске асады", – деді тілшілердің сұрағына жауап берген "KAZNEX INVEST" экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Борисбай Жанғоразов.

Естеріңізге сала кетейік, курорт жобасы Берлинде биылғы жылдың мамырында таныстырылды.  Неміс инвесторларының айтуынша, Каспий теңізі жағасындағы "Кендірлі" курорты жай ғана демалыс аймағы емес, 200 мың халық өмір сүретін тұтас бір қалаға айналады.  Жоспар бойынша мектеп, ауруханаға балабақшаны мемлекет салса,  ал жекеменшік коммерциялық нысандарды, оның ішінде  23 отель, аквапарк, яхта-клубтар мен сауықтыру орталықтарының құрылысын неміс кәсіпкерлері қаржыландырады.  Олар бастапқы кезеңде  600 млн еуроға дейін қаржы құяды, ал жобаның соңына қарай бұл сома 30 млрд еуроға жетпекші.

Неміс инвесторлары туристер әлемнің түкпір-түкпірінен ағылады деп отыр.

"4 жылдан кейін алғашқы үш отель ашылады. Біздің  Қазақстанды таңдау себебіміз – бұл ел  қатты ұнайды.  Ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы алғаш рет таныстырылым кезінде білдік.  Бұған дейін де Қазақстанда болғанбыз, бұл жақтың табиғаты сұлу және халқы қонақжай", – деді инвесторлардың бірі Герхард Лойбл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу