Кендірлі ауылының әкімі Медет Тоқтасыновтың мәліметінше, бүгінгі таңда аэровокзал ғимаратында топырақ төсеу жұмыстары аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Сонымен қатар газ құбыры толықтай тартылды, ал су құбырының дайындығы 71,5%-ды құрайды.
Құрылыс алаңында 182 жұмысшы және 112 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Инженерлік желілер мен инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу жалғасып, қосылу нүктелері анықталып, монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа әуежай жылына шамамен 29-59 мың жолаушы қабылдайды деп күтілуде.
Әуе айлағының қызметін негізінен Жаңаөзен қаласының, Қарақия ауданының және болашақ Кендірлі қаласының тұрғындары пайдаланады. Жоспарланған ішкі бағыттар қатарында Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Алматы және Қызылорда қалалары бар.
Сонымен қатар Нүкіс, Баку және Астрахань бағыттарына халықаралық әуе рейстерін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, бұл өңірдің көлік қатынасын дамытып, туристік әрі экономикалық әлеуетін арттыра түседі.
Ауыл әкімі Медет Тоқтасыновтың айтуынша, бүгінде Кендірліде шамамен 14 мың адам тұрады. Болашақта Кендірлі ауданы мен Кендірлі қаласын құру жоспарда бар. Оның құрамына Жаңаөзен қаласының 4 ауылы мен Қарақия ауданының елді мекендері кіреді. Оның сөзінше, жаңа әуежайдың салынуы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналып, өңірдің тұрақты дамуына қосымша мүмкіндіктер ашады.