2017 жылға Кентау қаласының әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыру мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 9 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы өндірісі дамыған шаһарға арнайы іссапармен барған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.
Облыс әкімі шаhардағы нысандарды аралау барысында көптеген проблеманың барына көз жеткізгендігін айтып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытындағы бірқатар индикаторлық көрсеткіш орындалмай отырғандығын алға тартты, делінген облыс әкімдігінің таратқан ақпаратында.
"Былтыр жоспарланған, жалпы сомасы 900 млн теңгені құрайтын 3 жобаның бірде біреуі индустрияландыру картасына енгізілмеген. "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы бойынша қаржыландырылуын ұйымдастыру жоспарланған 18 жобаның 12-і бойынша мәселе шешілмеген. Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр", – деді Жансейіт Түймебаев.
Өндірісі дамыған қалада 2015 жылмен салыстырғанда былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 6,9 млрд теңгеден 5,8 млрд теңгеге кеміген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру керектігі айтылды. Жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстарды жүйелеп, жетілдіру жүктелді. Қала тазалығына баса мән беру, көпқабатты үйлердің аулаларын, кіреберістерін және инфрақұрылымын реттеу кезек күттірмейтін мәселелер екені айтылды. Тұралап қалған кен өндіру өндірісін қайта жандандыру мүмкіндігін қарастырып, кеншілерді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту міндеттелді.
Облыс әкімі жиын соңында 2017 жылға Кентау қаласының әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыру мақсатында республика, облыс тарапынан 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінгенін жеткізді.
Аталған қаржының 400 млн теңгесі қаладағы 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысына жұмсалады. 103 млн теңгесі білім беру саласына қарастырылған. Оның 100 млн теңгесі Кентау көпсалалы колледжінің 300 орындық жатақхана құрылысын бастауға бөлінді. 541 млн теңге шаһардың тозығы жеткен ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында 2 нысанның құрылысына, 400 млн теңге Қарнақ елді мекендегі су құбырларын тартуға бағытталады. 229 млн теңге "Болашақ", "Батыс", "Жұлдыз" шағын аудандарының инженерлік инфрақұрылымының құрылысын аяқтауға, 195 млн теңге Бейнеу-Бозай газ құбырынан Кентау қаласын табиғи газ жеткізу мақсатында №14 автоматты газ реттеуші стансасының құрылысын аяқтауға жұмсалады. Сонымен қатар, елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 5 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 103 млн теңге қарастырылуда. Нәтижесінде, Кентау қаласы мен 7 елді мекендегі 89 мың халық табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.