Түркістан ауданынан 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына өтеді. Бұл туралы жобаны Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының отырысында облыс аппараты басшысының орынбасары Арман Абдуллаев таныстырды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық-құрылысы туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы ҚР Заңының 11 бабының 2 тармақшасына сәйкес Түркістан облысы Түркістан мен Кентау қалаларының шекаралары өзгереді. Түркістан ауданынан 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына өтуде. Осыған сәйкес, кеншілер қаласының аумағы 721745 гектарға ұлғаймақ.
Жоба бойынша Кентау қаласы аумағына Түркістанның 12 ауылы кірген. Яғни, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерінің және Ащысай ауылы аймағының айналасында бос жатқан жер кенді қаланың шекарасына кірмек. Аталған шешім алдағы облыс мәслихатының сессиясында бекітілсе, онда құжат аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс.