Науқастар 6-9 қазан аралығында Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтандыру орындарының бірінен тапсырыспен суши, пицца, фри және тауық етін алған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Әзірге инфекцияның нақты қандай тағамнан шыққаны белгісіз. Барлық тағамнан зертханалық сынамалар алынған. Қазір осы жайттан кейін қоғамдық тамақтану орны уақытша жабылып, полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Кентау қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен полиция бөлімі аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде кәсіпкердің қажетті санитарлық құжаттары мен аспаздардың медициналық тексеруден өтпегені анықталды.
"Жалпы 145 науқас келіп тіркелді. Оның 98-і ауруханаға жатқызылды. 47 науқас амбулаторлық деңгейде тексерілуге жіберілді. Түркістан қаласына 31 науқас жатқызылды. Кентау қаласына 67 науқас жіберілді. Оның ішінде 5 жүкті әйел мен 33 бала бар. Бәрінің жағдайы бүгінгі таңға орташа ауырлықта. Бүгін жағдайы жақсарған науқастар үйлеріне жіберіледі", - дейді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанова.