Кентаулық тұрғын жастайынан жетім қалған кәріс, өзбек, орыс ұлтының балаларын бауырына басты

1137

Түймегүл Ергешқызы ата-анасынан ерте айрылған 10 қыз бен 8 ұлды қамқорлыққа алған. 

Кентаулық тұрғын жастайынан жетім қалған кәріс, өзбек, орыс ұлтының балаларын бауырына басты Фото: Түймегүл Ергешқызының веке мұрағатынан

Бүгінде алтын жүректің ананың 18 баласы бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Кентау қаласының тұрғыны Түймегүл Ергешқызы ата-анасынан ерте айрылған 10 қыз бен 8 ұлды қамқорлыққа алған. Олардың ұлттары да әртүрлi. Қазақтың балаларынан бөлек, арасында орыс, өзбек, кәрiс ұлтынан бүлдіршіндер бар. 

Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан әр ұлт өкілінің балаларын көргенде Түймегүл апайдың үйі "шағын ассамблея" іспетті көрінеді.

"Өмiр осынысымен маңызды, мағыналы. Өзiм балажанмын. Жетiм балалардың бiреудiң қолына жәутеңдеп, қарап жүргенiн көргенде жүрегiм ауырады. Шыдай алмаймын. Сондықтан бала асырап аламын деген шешiмге келдiм. Маған балалар әртүрлi жағдайда келдi. Бiрiн дүниеге келе салысымен қолыма алсам, ендi бiрiн 1,5 жасында, бiреуiн ес бiлер ересек шағында қамқорлығыма алдым", – дейдi Түймегүл Ергешқызы.

Тұрғын үйде балалардың жаттығу жасауына, сабақ оқуына, бос уақыттарын тиiмдi өткiзуіне, демалуына арналған арнайы бөлмелер бар. Қажеттi жиһаздармен жабдықталып, көрнекiлiктермен қамтамасыз етiлген. Аулада бүлдiршiндер үшiн ойын құралдары орнатылған. Яғни, әрбір баланың қалыпты азамат болып өсуіне барлық жағдай жасалған.

"Балалар үйiне барсам жүрегiм ауырады. Барлық балаларды асырап алғым келiп тұрады", – дейдi қамқор жан.

Бүгінде Түймегүл Ергешқызы ұлдың үлкені Қайсарды үйлендіріп, еншісін берді. Ал, бойжеткен екі қызын той жасап ұзатты. Сондай-ақ, екі қызы студент болса, бір ұлы әскерден Отан алдындағы борышын өтеп келді. Қалғаны мектепте оқып жүр. Нұрқанат есімді ұлы қарашаңыраққа бас болып отыр. Ұл-қыздарынан сүйген немерелері де бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу