Үкімет осыдан бір ай бұрын табысы аз отбасылар үшін әлеуметтік топтаманы монетизациялап, керек-жарақты заттай емес, ақшалай беруге шешім қабылдаған. Министрлік мұндай ұсыныстың ата-аналар тарапынан көп болғанын айтып отыр. Осылайша, 1-ден 6 жасқа дейінгі бір балаға 5 174 теңгеден бекітіпті.
"Қазіргі таңда 23 жылдан бастап 190 мыңнан астам балаларға 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға осы кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы 1,5 АЕК көлемінде ақшалай алатын болады", дейді Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Айгүл Апенова.
Демек, 190 мың балаға қазынадан ай сайын 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отырады. Осылайша, әр ата-ана көмек ақша түскенде пакетін өзі жинауға кірісуге тура келеді. Азық-түлік бағасы күн санап "аспандап" жатқанда, бұл өзгеріс нәтижелі бола ма, жоқ па оны уақыт көрсетпек. Еске салсақ, өткен айда елдегі 140 мың 600 отбасындағы 724 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оларға қазынадан 60 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген еді.