ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ бірігіп, жаңадан құрылып жатқан ауылшаруашылық кооперативтері үшін кепілдік жүктемені азайтатын механизм қарастырды. Сүт қабылдау бекеттері мен мал сою бекеттері үшін модульдік құрал-жабдықтар немесе сүт тасымалдайтын көлік, рефрижератор сатып алатын жағдайда кооперативтер кепілдікке несиелік қаржыға сатып алынатын мүлікті қоя алады, деп хабарлайды 24.kz.
"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" кепілдік ретінде жылжыйтын және жылжымайтын мүліктің барлық түрлерін алады, оның ішінде ауылды жерлердегі үйлер мен жер телімдері де алынады. "Ынтымақ" несиелік өнім аясындағы ет, сүт, жеміс-көкөніс және басқа да өнім бойынша сервистік-дайындау және қайта өңдеу ұйымдарын құру жөніндегі кооперативтерге несие беру қарастырылған. 50 миллион теңгеге дейін несиелер 7 жылға дейін мерзімге жылдық 6 % үстемемен беріледі. "Егер кооператив сүт қабылдау бекеті немесе мал сою бекетіне арналған модульдік құрал-жабдықтарды, сүт тасымалдау көлік немесе рефрижератор сатып алатын болса, кепілдікке сол несиелік қаражатқа сатып алынатын құрылғылар/техника қоя алады", – дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Думан Оспанов.