Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өмірлік қиын жағдайда қалған ел азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Құжат мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Үкімет екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы заемшілерге көмек көрсетеді.
Құжатта айтылғандай, олардың қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болуы керек.
"Бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тәртіпте шаралар қабылдасын",– делінген құжат мәтінінде.
Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар азаматтарының 2019 жылғы1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылады.