Павлодар сауда-экономикалық колледжінің студенттері Әсел Аужанова мен Аида Ұлықпан Startup-идеялар байқауында шыбын-шіркейден қорғайтын электрондық құрылғыны таныстырды. Бұл туралы pavlodarnews.kz жазып отыр.
Жоба авторларының айтуынша, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз бұл құрылғы батареймен және күн сәулесі қуатымен жұмыс істейді. Қызмет көрсету мерзімі – 3-4 жыл, құны шамамен 6 мың теңге көлемінде.
"Павлодарда өткен жазда шыбын-шіркей көп болғаны белгілі. Сондықтан бұл бизнес жобаның маңыздылығы зор болмақ. Құрылғыдан таралатын ультрасәуле белгілі бір радиусты қамтиды. Оның негізгі артықшылығы - бағасы қолжетімді және бірнеше мәрте қолдануға болады. Бұл әзірге тек жобасы, дегенмен қыздар оны жүзеге асыруды көздеп отыр", – дейді жастар бастамаларын дамыту орталығының жастар кәсіпкерлігі мәселелері жөніндегі инспекторы Аида Нұрмағанбетова.
Жастар кәсіпкерлігі мектебінің оқушылары облыстық байқаудың бірінші кезеңінде барлығы 17 бизнес-идея ұсынды. Нәтижесінде қазылар алқасы екінші кезеңге 10 шақты жұмысты таңдап алды.