16 қыркүйекте Алматыда жаңбыр сағат 16:00-де басталып, 15 мм-ге дейін жауын-шашын түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты Almaty_Joly Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"Бұл айлық норманың жартысынан астамын құрады. Қаланың жоғарғы бөлігінде арықтардың толып кетуінен жолдардың жергілікті су басуы орын алды. Толассыз жауған жаңбырдан кейін зардап салдарын жоюға 96 арнайы техника, 40 мотопомпа, 19 ассенизатор машинасы, 400-ден астам жұмысшы және 71 мобильді бригада жұмылдырылған", – делінген жол жөндеу жұмыстары мен қозғалыстың уақытша жабылуы туралы ақпарат тарататын Almaty_Joly Telegram-арнасының хабарламасында.
Айта кетейік, кеше Алматыда жаңбырдан кейін 13 көлік көшедегі ойыққа түсіп кеткен еді. Мегаполисте 10 балдық кептеліс болып, кей жерлерде жолдар опырылды. Тіпті, ТЖМ көлігі де ойыққа түсіп кеткен.