Жағдайдың тұрақтануына байланысты, Махачкала әуежайы 31 қазанда жұмысын қайта бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ресей Федералды әуе көлігі агенттігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әуе кемелерін қабылдау үшін, Махачкала әуежайын уақытша жабу мерзімі 2023 жылы 31 қазанда сағат 02:59-ға (Мәскеу уақытымен) дейін жалғасады", - делінген Росавиация телеграм арнасында.
Ресей Федералды әуе көлігі агенттігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, әуежайдың ашылуы аэровокзал, аэродром және оған іргелес аумақтарды мұқият тексерілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
Еске сала кетсек, 29 қазан күні Махачкала әуежайы маңында бірнеше мың адам жаппай тәртіпсіздік жасады. Жергілікті тұрғындар Израильді зұлымдық жасады деп айыптап, Палестина халқын қолдау үшін ұрандар айтты.
"Махачкала әуежайындағы оқиға салдарынан 20-дан астам адам, соның ішінде, полиция қызметкерлері мен қарапайым азаматтар зардап шекті. Оның 10-ы аймақтағы ауруханаларға жеткізілді", - делінген Дағыстан денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-каналының хабарламасында.
Дағыстан үкіметі өзінің Telegram-каналында республика тұрғындарын Махачкала-Каспий тас жолымен қозғалысты уақытша шектеуге шақырып, деструктивті топтардың арандатуына берілмеуін және қоғамда дүрбелең көңіл-күйін тудырмауын талап етті. Сондай-ақ, Махачкала әуежайындағы жағдай бақылауда екені де атап өтілді.