Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін

Қала Қызылорда облысы аумағында орналасқан. 

Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін Фото: Қазалы аудандық мәдениет бөлімі

Тарихта қалашық VІІ-Х ғасырлардан белгілі болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қолөнер орталығы болған Кескен-Күйік қаласы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі ықтимал. Мұны археолог Дмитрий Воякин мәлімдеді. Аталған қалашық Қазалы ауданына қарасты Бозкөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.

– Оғыз дәуірінің көрнекті ескерткіші ретінде танылған қалашықтың көлемі – 560×700 метр. Қала шикі кірпіштен қаланған. Сыртқы қорған қабырғамен қоршалған. Оның қазіргі күні сақталған биіктігі 2 метрге жуық. Қаланың ең мықты жоғарғы қабаты VII–IX ғасырмен мерзімделеді Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П.Толстов) жұмысы нәтижесінде 1946 жылы көптеген дерек анықталған. Ал 1958 жылы мәскеулік биолог В.Смирин, 1963 жылы Б.Вайнбергтің басқаруымен қазба жұмыстары қолға алынған. Содан бері күні бүгінге дейін қазба жұмыстары жалғасып келеді. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) қолдауымен 2006 жылы фотофиксация жасалып, координаттары алынды. 2007 жылдан бастап ескерткішті Алматы қаласында орналасқан "Археологиялық сараптама" ЖШС барлау жасағы зерттеген. 2019 жылдан "Рутрум" ЖШС тұрақты қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстары Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен "Археологиялық жұмыстардың жоспарына" енгізілген, – деді Қызылорда облыстық "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау" КММ директоры Ерғазы Алданазаров.

Денис Викторович Сорокин жетекшілік жасайтын экспедиция құрамында Дмитрий Воякин, Александр Долгушев және тағы да басқа ғылыми қызметкерлер, археологтар мен ғалымдар бар.

Археолог Дмитрий Воякин қалашықтан табылған заттар оның қолөнер орталығы болғанын дәлелдейді деп отыр. Яғни, қала тұрғындары керамика өндірісімен айналысқан.

– Оған қоса қола, мыс және темір балқыту және шыныдан ыдыстар дайындалған. Оған дәлел ретінде табылған керамикалық саптыаяқтар, ұршықтың бастары, керамикалық дастарқан бөліктерін айтуға болады. Сондай-ақ, керамикалық қақпақ бөліктері және өзге де шыныдан жасалған моншақтардың бай коллекциясы, қола асықтар, мыс сақиналар және өзге де заттай жәдігерлер көзге түсті. Келешекте қала ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу