"Қазақстанның ашық университеті" білім беру платформасы өз жұмысын бастады. Бұдан былай еліміздің кез келген азаматы үйінен шықпай-ақ өзіне қажетті тақырып бойынша Қазақстанның беделді ғалымдарының онлайн дәрістерін тыңдай алады, деп хабарлайды 24.kz.
Бүгін Алматыда "Қазақстанның ашық университеті" білім беру платформасы таныстырылды. Тегін онлайн курстарды WikiBilim қоғамдық қоры жекеменшік компаниялардың қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Әзірге матрицалар және анықтауыштар, Web-бағдарлау, робототехника сынды бірнеше курс әзірленген. Бір курстың ұзақтығы 5 апта. Дәрістер OpenU.kz сайтында сақталады.
Жоба авторларының айтуынша, OpenU.kz платоформасын Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты мамандары жасаған Open edX негізінде құрылған.
Білім беру контентінің 80 пайызы қазақ тілінде болады. Ашық университеттің алғашқы онлайн курсын белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев жүргізеді.
"Мұндай университеттер қазір әлемде көп. Ағылшын тілінде, неміс, француз тілінде өте көп. Ал қазақ тілінде мұндай университет бірінші рет ашылып жатыр. Менің ойымша мұның қазаққа пайдасы өте көп", – дейді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев.
"Бірінші кезеңде біз он курсты түсірдік. Бірақ біз бұнымен шектеліп қалғымыз келмейді. Келешекте мұнда азаматтарға қызық болар деген тақырыптарды қамтығымыз келеді", – дейді WikiBilim қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжани.