Кезекте тұрған 326 азаматқа жер телімі беріледі

1405

Кезекте тұрған 326 азаматқа жер телімі беріледі

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Қазірдің өзінде Шаян ауылында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 20 үй салынып жатыр. Олар алдымен, әлеуметтің әлсіз тобына берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл іргесіндегі 55 гектар жер үй іргелік жер телімі де кезекке тұрғандардың еншісіне берілмекші. Үй іргелік жерлер алдымен тапталып, тас төселеді. Ауызсу, газ құбыры тартылып, электр бағаналары орнатылады. Инфрақұрылыммен толық қамтылғаннан кейін ғана кезекте тұрған азаматтарға рәсімделеді. Бұл өз кезегінде көптеген кикілжіңнің алдын алады, дейді сала мамандары.

"Ол жерге кезекте тұрған 326 азамат үй салатын болады. Одан бөлек коммуналдық 20 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр қазір. Бұл үйлер өтпелі, келесі жылдың көктемінде пайдалануға беріледі",-дейді Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Нұрғали Айтбеков.

Шенеуніктің сөзінше  әлеуметтік баспаналар толық біткеннен кейін мұқтаж жандарға тапсырылады.  Ауданда сонымен қатар жол кеңейтіліп, жаңа жобалар жүзеге асуда. Соның бірі - балалар аллеясы. Кезінде қоқысханаға айнала жаздаған ескі жатақхана сүріліп, орнына балалар серуендейтін саябақ еңсе тіктеген. Жергілікті билік тарапынан ауданға инвесторлар тарту мәселесі де оң шешімін тапқан. Алдағы уақытта Шаянда теннис корты мен жабық бассейн құрылысы басталады деп күтілуде. Осы мақсатта Араб әмірліктерінен келген кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, оңтайлы шешім табылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу