ҚФФ футбол жарыстары қашан басталатыны туралы ресми мәлімдеме жасады

1051

Қазақстандық маман жарыстардың өтетін мерзімі мен футзалдан әлем чемпионатының келесі жылға ауыстырылуы туралы да пікір білдірді. 

ҚФФ футбол жарыстары қашан басталатыны туралы ресми мәлімдеме жасады

Қазақстан футбол федерациясының футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев кәсіби турнирлердің қайта жалғасуына қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Olympic.kz Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық маман жарыстардың өтетін мерзімі мен футзалдан әлем чемпионатының келесі жылға ауыстырылуы туралы да пікір білдірді.

Асқар Әбілдаев, Қазақстан футбол федерациясының футзал департаментінің директоры: "Бірнеше күн бұрын футзал ел чемпионатының жарыстары тамыз айында қайта жалғасады деген жалған ақпарат тарады. Спорт және басқа бұқаралық шараларды қайта жалғастыру туралы шешімдерді мемлекеттік құзыретті органдардың қабылдайтынын айтқым келеді.

Сол себепті футзалдан ел чемпионаты мен басқа да жарыстарды жалғастыру жөнінде мемлекеттің ресми хабарламасына сүйену қажет екенін еске салғым келеді.

Қазіргі таңда жарысты қайта жалғастырудың әртүрлі нұсқалары қарастырылған. Оның арасында тамыз айында басталуы да ықтимал. Мұның бәрі алдын-ала жоспарлар екенін айта кеткен жөн. Нақты шешім елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты болмақ.

Мемлекет тарапынан ресми шешім қабылданғаннан кейін оның қорытындысын жарысқа қатысушы тараптарға хабарлаймыз.

ФИФА футзалдан әлем чемпионатының финалдық бөлігін келесі жылға ауыстырды. Бұл шешіммен келісуге болады. Өйткені, іріктеу кезеңінің ойындары толық аяқталған жоқ. Басқа да құрлықаралық жарыстарда осындай жағдай қалыптасқан. Екіншіден, ұлттық жарыстардың қай уақытта жалғасатыны туралы да нақты шешім жоқ. Әлем чемпионатының қатысушыларын анықтау және басқа да көптеген мәселені шешуі үшін уақыт қажет. Сол себепті ФИФА қабылдаған шешім барлық тараптың қолдауына ие болды.

Футзал және футболға қатысты халықарылық және ұлттық турнирлерге қатысты жобалар 17 маусым күні өтетін УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында айқындала түспек.

Жарыстың әрі қарай жалғасқанын барлығы қалайды. Алайда, сабыр мен шыдам керек. Жанкүйерлер мен жарысқа қатысушылар үшін маңызды ақпараттар туралы алдағы уақытта нақты белгілі болмақ".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу