27 сәуір таңертең Солтүстік Кореяның (КХДР) басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Инмен кездесу үшін Пханмунджомда шекарасын кесіп өтті. Осылайша ол 1950-1953 жылдары болған Корея соғысынан кейін Оңтүстік Кореяның шекарасына аяғын аттап басқан КХДР-дың алғашқы көшбасшысы болды, деп хабарлайды Рёнхап агенттігіне сілтемемен ҚазАқпарат.
Бұл оқиға екі ел үшін тарихи маңызы зор Пханмунджом шекара бекетінде болды. Дәл осы жерде 1953 жылы 27 шілдеде Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы бітімгершілік туралы келісімге қол қойылды.
Бүгін таңертең Пханмунджомда Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Ин өзінің әріптесін күлімсіреп қарсы алып, екі елдің басшылары қол алысты. Тарихи сәт тікелей эфирден көрсетілді. Тараптар шекарадағы кездесуден кейін саммит туралы сөз қозғады. Президент Мун Чже Ин Оңтүстік және Солтүстік Кореяның бөлінуін емес, татулығын білдіретін Пханмунджомда саммит өткізудің маңыздылығына тоқталды.
Солтүстік Корея көшбасшысы кездесудің жемісті болуы үшін бар күшін салуға уәде берді. Сондай-ақ, ол екі елдің келісімге келуге тиіс екендігін атап өтті. Ким Чен Ын екі елдің қол алысып, болашаққа бірге қадам басатынынан үміттенетінін айтты.
Мун Чже Ин саммит барысында қазіргі таңда бүкіл әлемнің Пханмунджомға назар аударып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Оңтүстік және Солтүстік Корея тұрғындары, сондай-ақ әлемдегі барлық адамдар саммитке үлкен үміт артып отыр.
Тарихи кездесу түстен кейін жалғасады. Бұл кезеңде Оңтүстік және Солтүстік Корея көшбасшыларының қатысуымен түрлі іс-шаралар жоспарланған. Мун Чже Ин мен Ким Чен Ын бірге серуендеп, ағаш отырғызады және кешкі ас ішеді.