КХДР Сыртқы істер министрі Цой Сон Хи 15-17 қаңтар аралығында Ресейге ресми сапармен барды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сейсенбі күні КХДР СІМ басшысы Цой Сон Хи ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен келіссөздер жүргізді. Оның барысында, тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі, оның ішінде Корей түбегіндегі және жалпы Солтүстік-Шығыс Азиядағы ахуал бойынша елдердің өзара іс-қимылын талқыға салды.
Сонымен қатар, Сергей Лавров 2023 жылдың қыркүйегінде "Восточный" ғарыш айлағында Ресей президенті Владимир Путин мен КХДР мемлекеттік істер төрағасы Ким Чен Ын арасындағы саммит барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау жөніндегі жұмыстың алдын ала қорытындыларын шығару қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде, КХДР СІМ басшысы екі елдің мемлекетаралық қатынастары 2024 жылы жаңа деңгейге шығады деген үмітін білдірді. Осыған байланысты, жоғары деңгейдегі қатынастарды жандандыруға, түрлі саяси және мәдени іс-шараларды өткізуге қызығушылық танытылды.
Сондай-ақ, Ким Чен Ын 2023 жылдың қыркүйегінде орын алған Ресей сапарының нәтижелерін еске салды.
"КХДР мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин түрлі салалардағы ынтымақтастық пен алмасуды одан әрі нығайтуға, халықаралық байланыстарды жоғары деңгейде дамытуға, екі ел халықтарының әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі кеңейтуді жалғастыруға келісті", - деді Солтүстік Корея СІМ басшысы.
Кездесу аясында КХДР СІМ басшысы өткен жылдың қыркүйегінде Ким Чен Ын Ресей Федерациясының көшбасшысын Пхеньянға ыңғайлы уақытта келуге шақырғанын еске салды. Ресей Федерациясы басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұқаралық ақпарат құралдарының түсініктемелеріне сапардың ықтимал күнін атаған жоқ. Алайда, елдегі егжей-тегжейлер келісілгеннен кейін, бұл сапардың жақын арада болатыны атап өтілді.