Оңтүстік Кореяда билік Уплиындо аралының тұрғындарын КХДР-дің жаңа зымыран ұшыруларына байланысты қауіпсіз жерге баруға шақырды. Жапонияда Премьер-Министр Кисида Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын шақырмақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Солтүстік Корея 2 қараша күні Жапон теңізіне қарай бірнеше баллистикалық зымырандарды ұшырды. Бұл туралы "Ренхап" агенттігі Оңтүстік Корея әскері мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлады. Зымыранның біреуі Оңтүстік Кореяның солтүстік-шығысындағы Сокчхо қаласынан 57 шақырым жердегі теңізге құлаған.
Тағы бір зымыран Уплындо аралынан шамамен 160 шақырым жерде теңізге құлады. AFP агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея билігі жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге баруға шақырып, әуе дабылын жариялаған.
Сонымен қатар, КХДР-дың кезекті зымыран ұшырулары Жапонияның жағалау күзетінде расталды. Бұл елдің билігі Пхеньянның әрекетін айыптады. Жапон премьер-министрі Фумио Кисида Корей түбегіндегі шиеленістің артуына байланысты Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын шақыруға ниетті екенін айтты.
Өз кезегінде Оңтүстік Корея әскерилері бірнеше сағаттан кейін теңіздегі демаркациялық сызық аймағында, сондай-ақ Солтүстік Корея зымырандарының құлау аймағына қарай үш әуе-жер баллистикалық зымыранын ұшырды. Сеул кез-келген арандатушылыққа батыл жауап беруге дайын, деп атап өтті Оңтүстік Кореяның штаб бастықтарының бірлескен комитеті. Сонымен қатар, Сеул Корей түбегінің жағалауынан шығысқа қарай бірқатар әуе маршруттарын бір тәулікке жабуды бұйырды.