Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Хуэйге ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі болған кезде қосқан үлесін атап өтті. Президент өзара ықпалдастықтың, соның ішінде 2019 жылы қыркүйекте өзінің Пекинге мемлекеттік сапары барысында мәңгі ынтымақтастық және стратегиялық серіктестікті нығайту туралы қол қойылған бірлескен Декларацияның аясында қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастар әрқашан дами береді. Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, биылғы 10 айдың ішінде екі ел арасында сауда көлемінің өскені байқалады. Келесі жылы және алдағы жылдарда елдеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дами береді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биылғы қараша айында өткен IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесін жоғары бағалап, онда өзінің бейнеүндеу жасағанын атап өтті. Сондай-ақ екіжақты сауда көлемін ұлғайту және оның құрылымын жақсарту жұмыстарын одан әрі жүргізудің маңызды екенін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге жүрекжарды сәлемін жолдай отырып, алдағы жылы оны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп күтетінін жеткізді. Осы маңызды іс-шараның нақты мерзімі дипломатиялық жолдар арқылы келісілетін болады.
Ли Хуэй Президентке Жаңа жыл қарсаңында кездесуге мүмкіндік бергені үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады. Арнаулы өкілдің айтуынша, осы кезеңде Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен зор жетістіктерге қол жеткізді және қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен экономикамен қатар басқа да салалар қарқынды дамып келеді.
– Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі даму жолында зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазір Сіздің еліңіз бүкіл әлем құрметпен қарайтын беделді мемлекетке айналды. Қытай-қазақ қатынастарына келетін болсақ, осы жылдар ішінде біз достық және стратегиялық қарым-қатынастарымызды дамыту барысында орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Біз осы ынтымақтастығымыз барысында қол жеткізілген нәтижелерді мақтан тұтамыз. Бұл – алғашқы 30 жыл ғана. Ал болашақта біз дәстүрлі достығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді иық тірестіре отырып, одан әрі бірлесе жалғастыра береміз, – деді ҚХР Үкіметінің арнаулы өкілі.
Қытайлық дипломат Қазақстан Президентіне келесі жылы Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысуға шақыруын табыстады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Хуэйді өзара тиімді қазақ-қытай ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.