ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин сәрсенбіде Бейжіңде "Единая Россия" партиясының басшысы, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевті қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Қытайдың Орталық теледидарына сілтеме жасап.
Телеарна хабарлағандай, "Си Цзиньпин Қытай Коммунистік партиясының шақыруымен Бейжіңге келген "Единая Россия" партиясының Төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесті".
Кездесу барысында Қытай басшысы Украина дағдарысын бейбіт саяси реттеуді қолдайтынын білдірді.
"Украина дағдарысы мәселесі бойынша ҚХР объективті және әділ ұстанымға ие. Мүдделі тараптар ұстамдылық танытып, жан-жақты диалог орнатып, саяси жолмен бір-бірінің қауіпсіздік саласындағы алаңдаушылығын жояды деп үміттенемін", - деді ол.
Сонымен қатар, Қытай басшысы Бейжің жаһандық әділдік үшін Мәскеумен жақындасуға дайын екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Дмитрий Медведев Си Цзиньпинге Ресей президенті Владимир Путиннің жолдауын жеткізді.
"Медведев Қытай мемлекетінің басшысына Ресей Федерациясының президенті [Владимир] Путиннің жолдауын жеткізді, онда, атап айтқанда, Ресей-Қытай саяси диалогы мен практикалық кооперацияның бұрын-соңды болмаған деңгейі атап өтілді. Ресей басшысы жақында Қытай коммунистерінің партиялық форумының қорытындысы бойынша сайланған ҚКП жаңа басшылық құрамымен тығыз өзара іс-қимылда мемлекетаралық және партияаралық байланыстардың тұрақты үдемелі дамуына сенім білдірді",- делінген қауіпсіздік кеңесі хатшылығының хабарламасында.
"Единая Россия" баспасөз қызметі хабарлағандай, Си Цзиньпин мен Дмитрий Медведев Ресей-Қытай қатынастарының қазіргі жағдайы мен болашағын бірауыздан жоғары бағалады.
Хабарламаға сәйкес, "саясаткерлер екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша жан-жақты пікір алмасып, Владимир Путин мен Си Цзиньпин алға қойған жалпы міндеттер аясында "Единая Россия" мен Қытай Коммунистік партиясы арасындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді".