"Киаран" дауылы кезінде ағаштардың құлауынан Еуропада бірнеше адам қаза тапты. Қатты екпінді жел әуе, теңіз және теміржол қатынасына зақым келтіріп, көптеген рейстер мен пойыздар тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Euronews агенттігіне сілтеме жасап euronews.com.
Еуропадағы дауыл кем дегенде алты адамның өмірін қиды. Қатты желден құлаған ағаштар жазатайым оқиғаларға себеп болды. Сонымен қатар, "Киаран" дауылы құрлық, су және ауа байланысының бұзылуына әкелді.
Францияда түнде Эна департаментінде жүк көлігінің жүргізушісі қайтыс болды, ал 70 жастағы ер адам Гаврда балконнан құлап түсті.
Нормандия мен О-де-Франста қатты жел туралы ескерту жасалды. Онда миллиондаған үй жарықсыз қалды.
Испанияда Мадридтің орталығындағы ағаш құлағаннан кейін 23 жастағы қыз қайтыс болды. Сол оқиғадан тағы бес адам зардап шекті. Елордадағы және басқа қалалардағы саябақтар жабылды. Өйткені, елдің көп бөлігінде нөсер жаңбыр мен дауыл бәсеңдемей тұр.
Бельгияның Гент қаласында көшеде ойнаған бес жасар бала құлаған бұтақтан жарақат алып, бірнеше сағаттан кейін ауруханада қайтыс болды. Қалалық саябақтағы тағы бір адам — 64 жастағы неміс әйелі де қаза тауып, қызы ауыр жарақат алды.
Нидерландыда дауыл жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан асты, әсіресе, жағалаудағы аудандарда. Ағаштардың құлауынан бірнеше адам жарақат алды. Оңтүстік Венрай қаласында бір адам қайтыс болды.