Тәртіп сақшылары кибер ұрлықшыны ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияда хабарлағандай, күдікті қылмыс жасауға әбден дайындалған. Ол Қытайдан алдын ала майда пластик бұйымдарды жасайтын техникалық құрылғыны сатып алып, ақша шығару үшін банк карталарын қолдан жасаған.
"Қаскүнем карталарды жасап қана қоймай, карталарға енгізу үшін құрбандарының жеке деректерін біліп жүрген. Кейін азаматтардың шоттарынан ақша алатын болған. Ол қылмысы әшкереленбес үшін тек 10 мың теңгеден шығарып жүрген. 35 жастағы күдікті ер адамнан 114 жасанды банк картасы табылды", - деді Медеу аудандық ІІБ бастығы Болат Тотыбаев.
ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Ол өз кінәсін толықтай мойындады.