Киберқылмысқа қарсы күрес: шетелдік құқық қорғау органдарының елімізде әрекет ету тәртібі түсіндірілді

225

Құрылтай компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялады.

Киберқылмысқа қарсы күрес: шетелдік құқық қорғау органдарының елімізде әрекет ету тәртібі түсіндірілді Фото: donpress.com

Құрылтай депутаты Айдос Сарым шетелдік құқық қорғау органдарының елімізде әрекет ету тәртібі бойынша сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Конвенцияны қабылдау халықаралық қылмыстарға қарсы күресте мемлекеттер арасындағы өзара көмек пен ынтымақтастықтың күшеюі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерімен қатар жүруі тиіс деп санаймын. Осы тұрғыдан алғанда конвенцияда көзделген қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде адамдарды беру, яғни экстрадициялау және қылмыстық қудалау мәселелері ерекше назар аудартады", – деді Айдос Сарым Құрылтайдың жалпы отырысында.

Депутат осыған байланысты екі нақтылау сұрағын қойды. 

"Біріншіден, Қазақстан азаматтарын шет мемлекеттерге беру мәселесінде конвенция Қазақстан Республикасының қолданыстағы конституциялық және заңнамалық нормаларына қандай да бір өзгеріс әкеле ме? Екіншіден, шетелдік құқық қорғау органының сұрауы бойынша Қазақстан аумағында қандай да бір процессуалдық әрекеттерді автоматты түрде жүргізуге құқық бере ме әлде мұндай әрекеттерді міндетті түрде Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында белгіленген рәсімдер мен уәкілетті органдардың шешімі арқылы жүзеге асырылатын бола ма?", – деп сұрады Құрылтай депутаты. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің сөзінше, конвенциядағы көрсетілген қылмыстық қудалау талаптары еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне ұқсас және оған қайшы келмейді. 

"Сондай-ақ Конституцияда көрсетілген құқықтарды шектемейді. Мәселен, біздің Конституцияға сәйкес, біз өз азаматтарды шет елдерге бермейміз. осы конвенцияда осындай жағдайлар да көрсетілген. Егер біз азаматты бермейтін болсақ, біз сол қылмыстық істі сол шет мемлекеттен алып, өзіміз тергеп, өзіміз шешім қабылдай аламыз. Ал енді сұрауларды орындау тәртібіне келсек, құқықтық көмек көрсету және адамды ұстап беру туралы сұрауларды біз өзіміздің Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес орындаймыз. Мысалы, егер шет елдің азаматы Қазақстанда анықталса, ол кезде оны ұстау және қамауға алу сұрақтарын өзіміздің заңнамаға сәйкес шешеміз. Яғни, бұл шешімді біздің прокурор мен тергеуші қабылдайды", – деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу