Соңғы үш жылда Kids Go Free балаларға арналған саяхаттау бағдарламасын 5 500 қазақстандық отбасы пайдаланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жыл сайын ата-аналардың балаларымен бірге Қазақстан бойынша саяхаттау көрсеткіші артып келеді. Үш жыл ішінде қазақстандық отбасылар 280 млн теңге үнемдеді. Ал отандық туроператорлар осы уақытта 1,2 млрд теңгеге турлар өткізді. Балалардың әуе тасымалына субсидия түрінде мемлекет тарапынан салынған қаржы ата-аналарды туған жерлеріндегі демалысқа ынталандырады. Мемлекеттен бөлінген әрбір теңге еліміздің экономикасына қосымша 4 теңге пайда әкеледі деп айтуға болады, – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Биыл осы бағдарлама бойынша 2172 балаға Қазақстанды саяхаттау үшін тегін әуе билеттері ұсынылды. Туроператорлар балалардың әуе билеттері құнын есептемегенде, 415,6 миллион теңгеге турлар өткізді. Мемлекет тарапынан 114,5 миллион теңге өтелді, бұл жалпы сатылған турлардың 28 пайызы.