"Киелі мекен": "Жас сарбаздар" экологиялық акцияға қатысты

289

Барлығы 50-ден астам жас сарбаз жауынгері қатысуда. 

"Киелі мекен": "Жас сарбаздар" экологиялық акцияға қатысты Фото: gov.kz

Елордада "Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта "Киелі мекен" ұранымен өтіп, тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыруға арналған. Мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің, мәслихат депутаттарының, оқушылар мен студенттердің, спортшылардың, "Жас сарбаз" қозғалысының студенттерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің және т.б. бірлескен күш-жігерімен өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Экологиялық акция аясында мәдени мұра нысандарының қасбеттерін, ескерткіштер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру бойынша тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Сәуірдің 19-ы таңғы уақыттан бастап мәдениет ұйымдарының қызметкерлері мен "Жас сарбаз" патриоттық қозғалысының студенттері Сарыарқа даңғылында орналасқан Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бегелдиновтің ескерткішіне және айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.

"Жас сарбаз" балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, экоакция өскелең ұрпақтың бойына жақындарына деген қамқорлық, құрмет сезімін қалыптастырудың үлгісі болып саналады. Барлығы 50-ден астам жас сарбаз жауынгері қатысуда.

"Біз бұл акцияны қаламыздың барша тұрғындарына үндеу ретінде өткізіп жатырмыз. Біз жастарды, еріктілерді және барлық мүдделі адамдарды Астанамыздың аулалары мен көшелерін қоқыстан тазартуға және экологиялық жағдайын жақсартуға шақырамыз. Жұмыс ертең де жалғасады, әр апта белгілі бір тақырыпқа арналады", - деді Асхат Налшыбек.

"Киелі мекен" апталығы басталғалы 40-тан астам ескерткіш тазартылды. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында.

Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта "Киелі мекен" деп аталады.

"Жасыл аймақ" деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеуге арналады.

4 мамырға дейінгі уақыт – "Өнегелі ұрпақ" деп аталады. Бұл апталық ардагерлер тұратын аулалар мен қарттар үйінің аумағын тазалауға және абаттандыруға арналған.

"Мөлдір бұлақ" деп аталатын соңғы бесінші аптада өзен-көлдердің маңайы қоқыстан тазартылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу