Киевте, Харьковь пен Запорожьеде таңертеңнен жарылыстар болды

522

Аталмыш қалаларда маңызды инфрақұрылым нысандары зақымданды.  

Киевте, Харьковь пен Запорожьеде таңертеңнен жарылыстар болды Фото: ostro.org

Зымыраннан атқылау салдарынан Киевте жарық өшіп, кейбір аудандар ауыз сусыз қалды. Әуе дабылы Запорожье, Харьков, Черкасс пен Кировоград облыстарында да жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz РБК сайтына сілтеме жасап.

Киевте маңызды инфрақұрылым нысандары атқыланды, деп хабарлады қала басшысы Виталий Кличко.

"Маңызды инфрақұрылым нысандарына соққылардың нәтижесінде елорданың бір бөлігі жарықсыз қалды. Кейбір аудандарда су жүйесі істен шықты", - деп жазды ол Телеграм-арнасында.

Жарылыстар мен соққылар туралы ақпарат басқа аймақтардан да келіп түсті:

Киев облысында әуе дабылы жарияланды, Әуе қорғанысы жүйесі жұмыс істейді, деп хабарлайды әскери әкімшілік;

Запорожьеде (әкімшілік орталық украин әскерлерінің бақылауында) маңызды инфрақұрылым нысаны шабуылға ұшырады, нәтижесінде электр жүйесі үзілді, деп хабарлады қалалық Кеңестің хатшысы Анатолий Куртев;

Харьковта екі соққы маңызды инфрақұрылым нысандарына тиді, деп хабарлады әкім Игорь Терехов. Қалада метро жұмысы уақытша тоқтатылды;

Черкасс облысында соққы маңызды инфрақұрылым объектісіне түсті, облыстың бір бөлігі қуатсыз қалды, деп хабарлады губернатор Игорь Табурец;

Украинаның Кировоград облысындағы Светловодск ауданында зымырандар энергетикалық нысандардың біріне соқты. "Алдын ала мәлімет бойынша, құрбандар жоқ. Өрттің зардаптарымен күрес жүріп жатыр", - деп жазды әскери әкімшіліктің басшысы Андрей Райкович;

Львов облысының үстінде зымырандар жойылды, деп хабарлады әскери әкімшіліктің басшысы Максим Козицкий;

Винница облысында да қарсы күшпен зымыран жойылды, алайда атыстан бұзылған нысандар бар, деп хабарлады  қала басшысы Сергей Борзов;

Полтава облысында Әуе қорғанысы жүйесі жұмыс істейді, деп хабарлады әскери әкімшіліктің басшысы Дмитрий Лунин.

Инфрақұрылым нысандарына бағытталған соққыдан кейін Украинадағы теміржол желілерінің бір бөлігі қуатсыз қалды, деп хабарлайды Украина теміржолы. Маршруттарға тепловоздар шығарылды.

Ресей 10 қазаннан бастап Украинаның инфрақұрылымына зымыран атқылауда. Ресей билігі Қырым көпіріндегі жарылысты Украинаның арнайы қызметтері ұйымдастырды деп, елдің қалаларын зымыранмен атқылай бастады. Ресей Қорғаныс министрлігінің басты нысандары -  әскери басқару, байланыс пен энергетика жүйелері.

Украинаның энергетикалық инфрақұрылымының шамамен 40%-ы зақымданды, деп хабарлады 19 қазанда Украинаның Энергетика министрінің кеңесшісі Александр Харченко.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу