Киевте қастандық жасалған журналистке Қазақстан билігінің қатысы бар ма?

224

Кеше Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа оқ атылды. Оның жұбайы Наталья Садықова мемлекет тарапынан қастандық жасалуы мүмкін дегенді алға тартты. 

Киевте қастандық жасалған журналистке Қазақстан билігінің қатысы бар ма? Фото: gp.gov.ua

Осы төңірегінде бүгін депутаттар өз пікірлерін білдірді. Ермұрат Бапидың айтуынша, мемлекеттің мұндай әрекетке баруына еш негіз жоқ, деп жазады Inbusiness.kz сайты.

"Менің ойымша, Айдосқа қатысты істе Президенттің қатысы жоқ деп ойлаймын, оған не керек? Не қажеті бар? Халықаралық дәрежедегі қастандық әрекетке қатысуға Қазақстан мүдделі емес. Қандай логика болуы мүмкін? Айдос — Қазақстанның билігіне қауіп төндіріп жүрген саяси тұлға емес, ол журналист", — деді депутат.

Оның айтуынша, қастандықтың астарында саяси шиеленіс жатуы мүмкін.

"Өкінішті жағдай. Тапатал түсте бір адамды атып кету, әрине, қылмыстық іс. Әлде бір үшінші күштер не Қазақстан мен басқа елдерді бір-біріне араз ету үшін орындалған саяси астары бар әрекет пе деп ойлаймын. Мен Айдосты жақсы білемін, кезінде оған қылмыстық іс қозғалған кезде біз оны қоллап, бірнеше сұхбатын шығарған едік", — деді Е.Бапи. 

Ал басқа мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, редакцияның өз жаулары жетерлік. 

"Бүгінгі Қазақстанның ұпайын жыққысы келетіндер де жоқ емес. Сондықтан тернеудің нәтижесін күтейік. Украиналықтар айтсын. Мен ең алдымен каналдық концептіне назар аударар едім. Канал, шыны керек, өз наразылығын білдіретін ортаға айналған. Тендерге көңілі толмағандар, арнайы тапсырыспен жазылған материалдар. Біраз өнеркәсіп нысандары нашар жаман жағынан көрсетілді, кейбір адамдарға дөрекіліктер айтылды. Осы адамдар тобының өзі қастандыққа баруы мүмкін деп ойлаймын. Екіншіден, гео-саяси ойындарды да ұмытпайық", — деді Айдос Сарым. 

Кеше Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа оқ атылып, қастандық жасалды. Оқиға туралы Украина Ұлттық полициясының баспасөз қызметі хабарлаған. Олардың айтуынша, Киев полициясының 102 нөміріне В. Ярмола көшесінде (Шевченко ауданы) атыс естілгені туралы хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары көшеде тоқтап тұрған көлікке белгісіз біреудің жақындап келіп, оқ жаудырғанын, содан кейін оның қашып кеткенін анықтаған.

Көлікте қазақстандық журналист пен әйелі отырған. Әйелдің зардап шекпегені айтылады.

Украина Бас прокуратурасы ауруханада жатқан белсендінің жағдайы ауыр екендігін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу