Киевте "Парковый" деп аталатын көрме орталығы жанында наразылық шарасы басталды. Бұл жерге ел президенті Владимир Зеленский форумға қатысу үшін келген.
Бас көтергендер "112.Украина", NewsOne және ZIK телеарналарының жабылуына қарсылығын білдіру үшін көшеге шығып отыр. Әзірге жағдай тұрақты, қақтығыс болмады.
Бұған дейін Зеленский "112.Украина", NewsOne және ZIK телеарналарына және ОПЗЖ фракциясының депутаты Тарас Козакқа қарсы санкция салған еді. Шектеу енгізілген бойда үш телеарна хабар таратуын тоқтатты. Олар Зеленскийдің шешіміне "өзіне ұнамаған БАҚ-ты саяси қудалау" деген баға берді. Ал фракция төрағаларының бірі Юрий Бойко биліктің бұл әрекеті Конституцияға қайшы келеді және Украинада диктатура құруға бағытталып отыр деген пікірде. "Опозиційна платформа — За життя" партиясы Зеленскийге импичмент жариялау рәсімін бастамақ. Фракция төрағаларының бірі Вадим Рабинович оппозициялық телеарналарға салынған санкциялар осындай қадамға итермелеп отырғанын мәлім етті.
Табиғат Нұрболат