Киікті жаппай ату күдігімен бір топ адам ұсталды. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрінің кеңесшісі – ресми өкіл Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"17 наурызда Ақмола және Қарағанды облыстарында мүйіздері кесілген жүзден астам өлі киік табылды. Осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және тәжірибелі полиция қызметкерлері мен кинологтардан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды", – деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, полиция қызметкерлері киікті жаппай атты деген күдікпен бір топ адамды, оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігі "Охотзоопром" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның инспекторын ұстады.
"Күдіктілерге қатысты сот шешімімен "қамауда ұстау" жазасы қолданылды. Күдіктілердің тұратын жерлерін тінту барысында қылмыс қарулары, сондай-ақ киік мүйіздері алынды. Тергеу жалғастырылуда", – деді Нұрділдә Ораз.