Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев былтыр елімізде 42 мың киік басы жойылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Киіктердің санын реттеу мәселесі үкіметтің қаулысымен қабылданды. Оған ақбөкен санының артып, ауыл шаруашылығына тигізер зардабы негіз болды. Өткен жылы 42 мың киік басы жойылды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жұмыстар тоқтады", - деді министр Мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, былтыр киіктерден келген шығын көлемінің мөлшері айтылды.
"Қателеспесем, 10 млрд теңгеге жуықтайды. Киік атуға негіз болды, біз олардың санын реттеу бойынша ғылыми негіздеме алдық. Киік ату науқаны олардың популяциясына кесірін тигізбеді. Бүгінде 4,1 млн бас киік бар, оның 2,8 млн-ы Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан", - деп атап өтті Экология және табиғи ресурстар министрі.
Ерлан Нысанбаев киік популяциясының 99 пайызы Қазақстанда екенін жеткізді.
Тілшілер атылған киіктердің ұшасы қайда кетті деп нақтылады.
"Төрт өңірде ет комбинаттарымен келісімшарттарға қол қойылды. Олар етті бөлшек саудаға өткізді"", - деді ведомство басшысы.