Киіктер қатаң бақылауға алынды

1407

Киіктер қатаң бақылауға алынды

Қостанай облысының Амангелді ауданының орталығында  облыстық  прокуратура,  Амангелді аудандық  әкімдігі, "Алтын дала" резерваты, "Охотзоопром" өндірістік бірлестігінің тікелей мұрындық болуымен киіктерді қорғау жөніндегіоблыстық деңгейдегі кеңейтілген жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baq.kz.

2015 жылы Торғай даласында мекен ететін 129 мыңнан аса киік қырылған болатын. Осы індеттің салдарынан былтыр жүргізілген санақ нәтижесі бойынша Бетпақдалада бар болғаны 36 мың киік қалғанын көрсетіп берді. Елімізді дүр сілкіндірген оқиға ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Сан мәрте зерттеу жұмыстарын жүргізген шет ел мен отандық ғалымдар киіктердің жаппай қырылуына пастереллез ауруы себеп деген шешім шығарған болатын. Алайда, бұл індеттің киіктерге қайдан жұққаны туралы нақты жауап әлі күнге жауапсыз қалып отырғаны жасырын емес. Осыдан кейін Торғай даласында киіктердің мекендеуі сиреп кетті. Биыл жағдай біршама жақсарыпты. Мәселен, сәуір айының соңынан бастап киіктер Торғай өлкесіне қайта келе бастаған. Жоғарыда өткен кеңес осы киіктердің келуі мен төлдеу және оңтүстік өңірге кетуі кезінде оларды браконьерлерден қорғау ісін басты назарда ұстау, күзет жұмыстарын күшейту сөз болды.

"Киіктерге қару кезену бұрнағы жылдарға қарағанда қазір айтарлықтай азайды. Соның жарқын бір дәлелі, 2013 жылы 8 браконьерлік қылмыс тіркеліп, 74 киік оққа ұшқан болатын. Ал, 2014 жылы 103 киікті оңай олжа іздеген қаскөйлер мерт қылды. Оның мүйізін саудаламақ болған 3 факті тіркелген болатын. Былтыр киікке қаскөйлік жасау қылмысына жол берілген жоқ, бірақ 22 мүйіз тәркіленді", –дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов.

Киіктің Торғай даласына қоныс аудару мәселесі басталысымен күзет жұмыстары да күшейтілді. Қазір бұл жерлердегі бекеттер мен резерватта қорықшылар, жедел инспекторлық топтардың саны көбейтілді.

"Осы уақытта Амангелді, Жангелдин аудандары аумағындағы киіктер мекендейтін жерлердің барлығын да 8 жедел топтан құрылған инспекторлар күндіз-түні бақылауға алып отыр. Олардың барлығы заман талабына сай қажетті қару-жарақ, көліктермен қамтамасыз етілген. Оның сыртында Ақмола, Жезқазғаннан арнайы көмекке келген жедел инспекторлардың топтары да Амангелді ауданында жұмыс істеуде", – дейді облыстықтық мамандандырылған Табиғат қорғау прокуроры Нариман Қасымбеков.

Мамандардың болжауынша, биыл Торғай даласына киіктердің көп келуіне және шығынсыз төлдеуіне барлық жағдай жасалыпты. Киіктер мамыр айының ортасынан бастап, Торғай өлкесіндегі Ұлы жыланшықтағы Айырқұм, Аққұм және Ақшығанақ аумағында төлдейді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу