Киіктер жол-көлік апатына себепші болды

109

Оқиға салдарынан 1 жолаушы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.  

Киіктер жол-көлік апатына себепші болды Фото: gov.kz

"Астана – Қарағанды – Алматы" автожолында ВАЗ автокөлігі киіктермен соқтығысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАвтоЖолға" сілтеме жасап.

"ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, оқиға 17 мамыр күні түнгі сағат 03:00 шамасында автожолдың 1 395 шақырымында (Қарағанды облысы, Ошаған ауылының маңы) болған.

"Теміртау қаласы бағытында кетіп бара жатқан ВАЗ автокөлігі киіктермен соқтығысып, оның салдарынан жолаушы зардап шекті, ол жедел көмек көрсету үшін аудандық ауруханаға жеткізілді", – деп жазылған хабарламада.

Жол қоршауының бір бөлігі бұзылған.

Компанияның хабарлауынша, апат болған жердің жол учаскесі құрғақ, таза және тегіс.

Оқиға болған сәтте қозғалысқа шектеу қойылмаған және жол белгілері нормативтік талаптарға сай қойылған. Автожолдың бойында жануарлардың шығып кетпеуі үшін торлар орнатылған.

"Алдын ала мәлімет бойынша киіктердің жаппай қоныс аударуына байланысты торлардың бір бөлігі бұзылып, жабайы аңдардың жолға шығуына себеп болды. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жолдың басқа да учаскелері тексерілді", – деп жазылған хабарламада.

"ҚазАвтоЖол" қызметкерлері қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жүргізушілерге қараңғы кезде мұқият болып, жылдамдық режимін сақтауға шақырып отыр. 

Сондай-ақ жолдың жүріс бөлігіне жабайы аңдар және үй жануарлары кез-келген уақытта шығып кетуі мүмкін екенін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу