Киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? – депутат

1304

Еліміздегі киік саны 2 миллионнан асқан. 

Киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? – депутат Фото: ©zhaikpress.kz

Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа киік популяциясына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

Халық қалаулысының сөзінше, киік санының күрт көбеюі шаруашылыққа жайлы болып тұрған жоқ.

"Соңғы мәліметтерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысында. Негізінде салалық министрліктің есебі бойынша киіктердің саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржылары желге ұшады. Мысалы, Қазақстанның солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқаптары бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды", - деді ол.

Депутат несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болып жатқанын тілге тиек етті. Ол мұндай жағдайда Үкімет қол қусырып отырғанын жеткізді.

"Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары қауқарсыз болып отыр. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ. Бұған менің еш қатысым жоқ деп, тек сырттан ғана қарап қалай отыра аламыз? Сонымен қатар түрлі себептермен өліп жатқан киіктер де көп кездесуде. Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртының қызығушылы артатыны заңдылық. Кәдеге жаратпаса да қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, онын ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ", - деп атап өтті ол.

Аян Зейнуллин қырылып жатқан киіктердің түрлі ауру ошағына айналатынын, шаруалардың малы сол жерде жайылып, ауру жұқтыратынын атап өтті.

"Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы. Дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Егер Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізу керек", - деп қорытындылады депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу