Ким Чен Ын хот-дог жеуге тыйым салып, ажырасқандарды түрмеге жабуға бұйрық берді

Ол 2011 жылдан бері Солтүстік Кореяға көптеген ерекше заң енгізген. 

Ким Чен Ын хот-дог жеуге тыйым салып, ажырасқандарды түрмеге жабуға бұйрық берді Фото: РБК

Бұл жолы ол елде хот-дог жеуге түбегейлі тыйым салып, ажырасқандарды түрмеге жіберуге бұйрық берді, деп жазады inbusiness.kz сайты Dailymail.co.uk порталына сілтеме жасап.

40 жастағы диктатордың пікірінше, бұл – батыстық фаст-фуд тағамы. Ал оны дайындау мен сату – мемлекетке жасалған опасыздық. 

Алдағы уақытта Солтүстік Кореяда хот-дог сатқандар мен америкалық тағам жасағандар еңбек лагеріне жіберілуі ықтимал. The Sun басылымына сұхбат берген сатушы мұндай тағамдардың сатылымы тоқтағанын айтқан. 

Будаэ-чигэ деп аталатын корей және америкалық асханалардың үйлесімінен әзірленетін сорпа, корей бұрышы қосылған паста, кимчи, америкалық шұжықтар мен бұршақ қосылған ащы тағам 2017 жылы Оңтүстік Кореядан әкелінген. Солтүстік Корея полициясы мен нарық басшылығы бұл тағамды сатқан және дайындаған адамдарды қамауға алу туралы ескерту жасаған. 

Сондай-ақ, Солтүстік Корея Президенті Ким Чен Ын ажырасқан жұптарды еңбек лагеріне жіберуді бұйырып отыр. Тіпті, ажырасу кезінде әйелдерге ерлерге қарағанда ұзақ мерзімге қамалу қаупі төніп тұр. Бұған ескі заңдардың күшеюі әсер еткен. Себебі, елде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында да тек ажырасуды талап еткен тарап қудаланатын еді. 

RFA дерегінше, жаңа ережеде ажырасудан соң ерлі-зайыптылардың екеуі де түрмеге қамалады. Рянган провинциясының тұрғыны биылғы заңда талаптар өзгергенін айтады. 

– Мен Кимчонсук ауданының халық сотына жүгіндім. Онда 12 адамға ажырасу туралы шешім шығарылды. Сот үкімі шыққаннан кейін оларды бірден аудандық еңбек даярлау лагеріне жіберді. Өткен жылы жұп ажырасса, еңбек лагеріне тек бірінші болып ажырасуға арыз берген адам ғана жіберілетін, – деді тұрғын.

Еске салайық, елде ажырасу деңгейі COVID-19 пандемиясындағы шектеулерден соң, яғни қаржылық қиындықтарға байланысты артқан болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу